Астанада Kazakh Fish Academy аясында балық ауруларын диагностикалау бойынша практикалық курс өтті

2026 жылғы 24 қыркүйекте Астана қаласында аквакультура саласының мамандарына арналған балық ауруларын диагностикалау, алдын алу және емдеу мәселелеріне бағытталған практикалық оқу курсы өтті.

Kazakh Fish Academy тыңдаушыларына арналған «Балық денсаулығы – тұрақты аквакультураның негізі: аурулар, қауіптер және шешу жолдары» тақырыбындағы курсты «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС генетика және гидробионттар зертханасының ғылыми қызметкері Ургенишбаева Ж.И. өткізді.

Курс барысында қатысушылар балық ауруларының негізгі себептері мен белгілерін, диагностикалау, емдеу және алдын алудың заманауи тәсілдерін қарастырды. Практикалық жұмыстарға ерекше назар аударылды: тыңдаушылар балыққа сыртқы тексеру жүргізіп, ішкі ағзаларын зерттеді, олардың жағдайын бағалады, биологиялық материал алу әдістерін меңгеріп, микроскопиялық зерттеу жүргізді.

Курстың практикалық форматы теориялық білімді бекітуге және ауруларды уақтылы анықтауға қажетті дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беріп, мамандардың кәсіби даярлығын арттыруға және аквакультурада аурулардың алдын алу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.

Ихтиопатология және биоқауіпсіздік саласындағы практикалық құзыреттерді дамыту – балық денсаулығына төнетін қауіптерге тиімді әрекет ете алатын және саланың тұрақты дамуына үлес қосатын мамандарды даярлаудың маңызды бөлігі.

 

Ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша Ғылыми кеңестің отырысы өтті

Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының (БШҒӨО) бас бөлімшесінде Ғылыми/Үйлестіру кеңесінің отырысы өтуде. Жетекші ғалымдар мен сала сарапшылары 2026 жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарының (ҒЗЖ) есептерін қарастырып, сондай-ақ 2024–2026 жылдарға арналған үш жылдық бағдарламалардың іске асырылу қорытындыларын шығарады.

Отырыс орталықта және онлайн режимде қосылған қатысушылармен гибридті форматта өтуде.

Күн тәртібінде екі ғылыми-зерттеу бағдарламаның нәтижелерін қарау мәселесі тұр:

─ «Қазақстанның әртүрлі аймақтарының табиғи-климаттық жағдайларында инновациялық, экономикалық тиімді технологиялар мен жаңа аквакультура нысандарын әзірлеу және енгізу», бағдарлама жетекшісі: б.ғ.д., профессор, ҚАҒА академигі Асылбекова С.Ж.;

─ «Су биологиялық ресурстарын сақтау және орнықты пайдалану үшін су айдындарының әлеуетін бағалау және қордың динамикасын модельдеу негізінде кешенді зерттеу», бағдарлама жетекшісі: б.ғ.д., профессор, ҚАҒА академигі Исбеков Қ.Б..

Кеңес жұмысына ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің өкілдері: Балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасының басшысы Қалмұратов М.Қ. және Аквашаруашылықты дамыту басқармасының басшысы Рүстемов Б.У. қатысуда.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін талқылауға онлайн режимде БШҒӨО филиалдарының басшылары мен мамандары, сондай-ақ жетекші ғылыми ұйымдар — бағдарламалардың бірлесіп орындаушыларының өкілдері қосылды:

— «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» КЕАҚ;

— «Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринариялық институты» ЖШС;

— «Гидробиология және экология институты» мекемесі;

— «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС;

— «Фактор» жүйелік зерттеулер компаниясы» ЖШС.

 

«БШҒӨО» қызметкерлері Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының корреспондент-мүшелері болып сайланды

2026 жылғы 18 қыркүйекте Алматы қаласында Қазақ аграрлық ғылым академиясының (ҚАҒА) Жалпы жиналысы – Сессия отырысы өтті.

Отырыста Қазақстан аграрлық ғылымын дамытудың өзекті мәселелері қаралды. Атап айтқанда, ҚАҒА -ның 2025 жылғы және 2026 жылдың алғашқы алты айындағы қызметінің қорытындылары, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін ғылыми қамтамасыз етудің одан арғы тұжырымдамалық басымдықтары, аграрлық ғылымды қаржыландыруды жетілдіру және ғылыми зерттеулер нәтижелерін бағалау мәселелері талқыланды. Ғылыми білімді тарату жүйесін дамытуға, ғылыми кадрларды даярлауға және аграрлық білім беруді жетілдіруге ерекше назар аударылды.

Сессияның маңызды оқиғаларының бірі – Қазақ аграрлық ғылым академиясының жаңа толық мүшелерін (академиктерін) және корреспондент-мүшелерін сайлау болды.

Дауыс беру қорытындысы бойынша «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС қызметкерлері ҚАҒА корреспондент-мүшелері болып сайланды:

Баракбаев Тынысбек Темірханұлы — «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Бас директорының инновациялық және өндірістік қызмет жөніндегі орынбасары;

Болатбекова Замира Тураровна — «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Бас ғалым хатшысы.

Қазақ аграрлық ғылым академиясының корреспондент-мүшелері құрамына сайлану – мамандардың ғылыми және кәсіби жетістіктерінің, отандық аграрлық ғылым мен балық шаруашылығын дамытуға қосқан үлесінің маңызды мойындалуы.

«Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС үшін бұл оқиғаның маңызы ерекше. Орталықтың екі өкілінің ҚАҒА корреспондент-мүшелері болып сайлануы БШ ҒӨО-нің жоғары ғылыми әлеуетін және су биологиялық ресурстарын зерттеу, сақтау және ұтымды пайдалану, аквакультура мен балық шаруашылығы саласында қызмет атқаратын мамандардың кәсіби мойындалуын көрсетеді.

Бүгінде Қазақстанның аграрлық ғылымының алдында ауқымды міндеттер тұр. Олардың қатарында АӨК салаларын ғылыми қамтамасыз етудің тиімділігін арттыру, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру және олардың нәтижелерін бағалау тетіктерін жетілдіру, зерттеушілердің жаңа буынын даярлау және ғылыми әзірлемелерді практикаға енгізу бар.

Балық шаруашылығы ғылымы осы үдерістің маңызды бөлігі болып табылады. Ол биоалуантүрлілікті сақтау, су биологиялық ресурстарын тұрақты пайдалану, елдегі балық шаруашылығы мен аквакультураны дамыту мәселелерін ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етеді.

«Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Тынысбек Темірханұлы Баракбаев пен Замира Тұрарқызы Болатбекованы Қазақ аграрлық ғылым академиясының корреспондент-мүшелері болып сайлануымен шын жүректен құттықтайды!

Жаңа корреспондент-мүшелерге алдағы ғылыми қызметтеріне табыс, маңызды зерттеу жобаларын жүзеге асыруды, жаңа кәсіби жетістіктер мен Қазақстан Республикасының ғылымын, балық шаруашылығы мен аквакультура саласын дамытуға қосар елеулі үлестерін тілейміз!

Қазақстанның IX Халықаралық балық өнеркәсібі форумына қатысуы

2026 жылғы 16-18 қыркүйек аралығында Санкт-Петербургта IX Халықаралық балық өнеркәсібі форумы және балық өнеркәсібі, теңіз өнімдері мен технологияларының Global Fishery Forum & Seafood Expo Russia 2026 көрмесі өтуде.

Форум ұйымдастырушы – Ресей Федерациясы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен Ресей Федерациясы Балық шаруашылығы жөніндегі федералдық агенттігінің – шақыруымен іс-шараға Қазақстан Республикасының атынан «БШҒӨО» ЖШС-і Бас директорының бірінші орынбасары, б.ғ.д., профессор, ҚАҒА академигі Асылбекова С.Ж. қатысты.

Форумның іскерлік бағдарламасы аясында Асылбекова С.Ж. «Шекарасыз Каспий: балық шаруашылығы кешенінің мүддесі үшін ғылым, экология және цифрлық технологиялар» тақырыбындағы секцияда спикер ретінде баяндама жасады. Баяндамада Қазақстан Республикасының ғылыми әлеуетіне назар аударылып, Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау, қалпына келтіру және ұтымды пайдалану бойынша негізгі тәсілдер атап өтілді.

Дөңгелек үстел барысында Каспий теңізінің экологиялық жағдайы, су биологиялық ресурстарын сақтау, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту және цифрлық технологияларды енгізу мәселелері қарастырылды.

Каспий экожүйесіне түсетін антропогендік жүктеме, экологиялық мониторингте жасанды интеллектті қолдану, трансшекаралық өзара іс-қимылды дамыту, кадрлар даярлау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстан Республикасының халықаралық форум жұмысына қатысуы Каспий маңы мемлекеттерімен ғылыми және кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға, халықаралық өзара серіктестікті дамытуға, сондай-ақ Каспий теңізінің экожүйесін сақтау және өңірдің балық шаруашылығы кешенін тұрақты дамыту бойынша бірлескен тәсілдерді әзірлеуге ықпал етеді.

Камила Адырбекованың «Болашақ» бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамасы

Адырбекова Камила Болатқызы, Ph.D., «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС гидробионттар генетикасы зертханасының меңгерушісі, «Болашақ» бағдарламасы («500 ғалым») аясында АҚШ-тың University of Illinois Urbana-Champaign университетінде бір жылдық ғылыми тағылымдаманы сәтті аяқтады.

2025 жылғы 1 қыркүйектен 2026 жылғы 31 тамызға дейін Камила Болатқызы Illinois Natural History Survey табиғатты қорғау геномикасы зертханасында шақырылған ғылыми қызметкер ретінде тағылымдамадан өтті.

Тағылымдама аясындағы ғылыми жұмыс су экожүйелерінің биоалуантүрлілігін мониторингтеу және инвазиялық түрлерді анықтау мақсатында қоршаған орта ДНҚ-сын (eDNA) талдауға негізделген заманауи молекулалық-генетикалық тәсілдерді қолдануға, сондай-ақ жаңа буын секвенирлеу (NGS) және қауымдастықтар метабаркодингі деректерін өңдеу мен талдау үшін биоинформатикалық әдістерді пайдалануға арналды.

Зерттеудің негізгі бағыттарының бірі инвазиялық тұқытәрізді балық түрлерінің eDNA-мониторингі болды: ақ дөңмаңдай (Hypophthalmichthys molitrix), шұбар дөңмаңдай (Hypophthalmichthys nobilis), ақ амур (Ctenopharyngodon idella) және қара амур (Mylopharyngodon piceus).

Қоршаған орта ДНҚ-сы (eDNA) табиғи ортада кездесетін организмдердің генетикалық материалын білдіреді. eDNA-ны талдау су экожүйелерін зерттеудің заманауи тәсілі болып табылады және түрлердің бар-жоғын анықтауға, биоалуантүрлілік мониторингін жүргізуге, соның ішінде инвазиялық түрлерді анықтауға мүмкіндік береді.

Тағылымдама барысында Камила Болатқызы зерттеу тобына балықтардың популяциялық генетикасы саласындағы өзінің диссертациялық зерттеуінің нәтижелерін де таныстырды.

Бір жылдық тағылымдама су экожүйелерін молекулалық-генетикалық зерттеу саласындағы заманауи әдістер мен тәсілдермен жұмыс істеудің практикалық тәжірибесін алуға мүмкіндік берді. Алынған тәжірибе Қазақстанның су экожүйелерінің биоалуантүрлілігін және генетикалық мониторингін одан әрі зерттеуде қолданылуы мүмкін.

Жамбыл облысының жергілікті маңызы бар су айдындарында жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары

2026 жылғы 24 тамыздан бастап қазіргі уақытқа дейін «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің қызметкерлері: экспедициялық отряд жетекшісі — Баққожа Ж.М., кіші ғылыми қызметкер – Өтеген С.А., ғылыми қызметкер – Бектуров Д. С. және жүргізуші – Сахарин Н.К. 021 (100 бағдарлама тармағы) және 267 (101 бағдарлама тармағы) бағдарламалар бойынша Жамбыл облысының жергілікті маңызы бар су айдындарында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Жұмыстың мақсаттары – Жамбыл облысының жергілікті маңызы бар су қоймалары акваториясы бойынша балық және өзге де су биологиялық ресурстарының таралуын, сондай-ақ олардың кәсіптік қорларының жағдайын бағалау мақсатында зерттеу жүргізу, сонымен қатар, Шу-Талас бассейніне жататын өзендерде биологиялық әртүрліліктің динамикасын талдау және оны сақтау шараларын әзірлеу.

Қазіргі уақытта экспедициялық жасақ су айдындарының физика-географиялық және гидрологиялық ерекшеліктерін зерделеуді, судың гидрохимиялық режимін талдауды, жай-күйін бағалауды қамтитын кешенді гидрохимиялық, гидробиологиялық және ихтиологиялық зерттеулер жүргізеді

Бүгінгі таңда экспедициялық жұмыстар барысында 16 гидрохимиялық және 16 гидробиологиялық сынама алынды. Гидробиологиялық зерттеулер шеңберінде зоопланктонның 8 сынамасы, зообентостың 8 сынамасы, биогендік құрамға 8 сынама және судың тұздылық құрамына 8 сынама, барлығы 32 сынама жиналды.

Ихтиологиялық зерттеулер шеңберінде балықтардың 164 данасына биологиялық талдау жүргізілді, оның ішінде түрге жататындығын және негізгі биологиялық көрсеткіштерін анықтау.

Балқаш филиалында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде

«Қазақстанның әртүрлі өңірлерінің табиғи-климаттық жағдайларында экономикалық тұрғыдан тиімді аквакультураның инновациялық технологиялары мен жаңа объектілерін әзірлеу және енгізу» ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында «Қазақстанның балық өсіру шаруашылықтары жағдайында перспективалы аквакультура объектілерін өсірудің тиімді биотехникалық тәсілдерін сынақтан өткізу және енгізу, сондай-ақ ДНҚ-маркерлерді қолдану арқылы олардың генетикалық сәйкестендірілуін жүргізу» жобасы бойынша «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің Балқаш филиалындағы балық өсіру учаскесінде Қазақстан Республикасының табиғи су айдындарынан ауланған оңғақ балықтарын аквакультура жағдайларына қолға үйрету, сондай-ақ оны жабық сумен қамтамасыз ету қондырғыларында (ЖСҚ) бассейндерде өсіру технологиясын әзірлеу және жасанды азықтарға бейімдеу бойынша зерттеулер алғаш рет жүргізілуде.

Шаянтәрізділерге арналған жабық сумен қамтамасыз ету қондырғысында (ЖСҚ) кран суын пайдалана отырып, Розенберг тұщы су асшаянын өсірудің биотехникалық тәсілдері пысықталуда.

25-29 тамыз аралығында жоба аясында зерттеліп жатқан барлық нысандарға — ЖСҚ-да өсіріліп жатқан Розенберг тұщы су асшаяны мен оңғақ балығына сұрыптау жүргізілді.

Асшаяндар үш топқа бөлініп, шаянтәрізділерге арналған ЖСҚ-дағы көлемі 1 м³ болатын төртбұрышты бассейндерде ұсталады. Топтар бойынша асшаяндардың орташа салмағы тиісінше 102,2 г, 94,8 г және 82,4 г құрады. Асшаяндарды азықтандыру үшін «Aller Perfopma» жемі пайдаланылады, тәуліктік азықтандыру рационы — 3%.

ЖСҚ-да өсіріліп жатқан оңғақ балығы төрт өлшемдік топқа бөлініп, көлемі 2,5 м³ болатын №1, №2, №4 және №6 дөңгелек бассейндерге орналастырылды. Статистикалық талдау жүргізу үшін барлық оңғақ дарақтарының өлшемдік көрсеткіштері алынды. Бассейндер бойынша оңғақтың орташа салмағы: №1 бассейнде — 758 г, №2 — 574 г, №4 — 326 г, №6 — 278 г болды. Оңғақты азықтандыру үшін «Aller Classic» тұқы жемі пайдаланылады, тәуліктік азықтандыру рационы — 1,8%.

Көрсетілген кезеңде ЖСҚ жүйелеріндегі судың гидрохимиялық көрсеткіштеріне мониторинг жүргізілді. Асшаяндар мен оңғақ өсірілетін ЖСҚ-лардағы судың негізгі көрсеткіштері оңтайлы деңгейде болды: температура — 23–24 °C, оттегінің мөлшері — 6,1–9,2 мг/л, рН көрсеткіші — тиісінше 8,2–8,6 бірлік.

Жұмысқа бағдарламаның жетекшісі, бас директордың бірінші орынбасары Асылбекова С.Ж., аквакультура зертханасының аға ғылыми қызметкері Бадрызлова Н.С. және кешенді балық шаруашылығы зертханасының меңгерушісі Алтаева Ф.А. қатысты.

Көлсай көлдеріндегі ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасуда

«БШҒӨО» ЖШС қызметкерлері 17.08.2026 жылғы №66-К бұйрыққа сәйкес Төменгі және Ортаңғы Көлсай көлдерінде кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Іссапар мерзімі: 18–23 тамыз 2026 жыл. Экспедициялық топ құрамында Ихтиология және гидроаналитика зертханасының қызметкерлері:

  • Баққожа Ж.М. — экспедициялық отряд жетекшісі;
  • Аблайсанова Г.М. — аға ғылыми қызметкер;
  • Өтеген С.А. — кіші ғылыми қызметкер;
  • Бектуров Д.С. — ғылыми қызметкер;
  • Сахарин Н.К. — жүргізуші.

Зерттеу барысында ихтиологиялық, гидробиологиялық және гидрохимиялық материалдар жиналып, су экожүйесінің жағдайы мен балық ресурстарының қазіргі ахуалы бағалануда.

Экспедицияның маңызды құрамдас бөлігі — су ортасының гидрохимиялық жағдайын зерттеу. Су айдындарының әртүрлі нүктелерінен сынамалар алынып, олардың негізгі физика-химиялық көрсеткіштерін анықтауға қажетті материалдар жинақталуда.

Гидрохимиялық көрсеткіштерді зерттеу су сапасын және балықтар мен басқа да су организмдерінің тіршілік ету ортасының жағдайын бағалауға мүмкіндік береді. Алынған мәліметтер ихтиологиялық және гидробиологиялық зерттеу нәтижелерімен бірге Көлсай көлдерінің су экожүйесіне кешенді баға беруге негіз болады.

Ғылыми-зерттеу жұмыстары 021 бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып, балық қорының жағдайын бағалауға, балық өнімділігін анықтауға және су биоресурстарын қорғау мен тиімді пайдалану бойынша ғылыми негіздемелер әзірлеуге бағытталған.

Қапшағай су қоймасы мен Іле өзеніндегі жазғы кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары

16 шілдеден бастап қазіргі уақытқа дейін «БШ ҒӨО» ЖШС қызметкерлерімен (экспедициялық отряд жетекшісі – Макамбетов С.Ж., экспедициялық отряд жетекшісінің м.а. – Бакқожа Ж.М., ғылыми қызметкер – Бектуров Д.Е., кіші ғылыми қызметкер – Өтеген С.А.) 021 бағдарлама (100 бағдарлама тармағы) және 267 БҚЖ бойынша Іле өзені мен Қапшағай  суқоймасында жаздық кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Жұмыстың мақсаты — іссапар кезеңінде мониторингтік нүктелер бойынша ихтиологиялық, гидробиологиялық және гидрологиялық материалдар жинау.

Іс-сапар барысында мониторингтік нүктелер бойынша кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде ихтиологиялық, гидробиологиялық және гидрохимиялық материалдар мен сынамалар жиналуда, сонымен қатар, эхолоттық түсірілім жүргізілуде;

Қапшағай суқоймасында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу кезеңінде Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы (БАОББШИ)  Қапшағай балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Советхан Ш.С. қатысуда.

Зерттеу кезеңінде Қапшағай су қоймасының 9-станциясында (координаттары: ендігі 43°56’25.75″С, бойлығы 77°21’50.14″Ш) дене ұзындығы L – 23,3 см, l – 20,3 см және салмағы 202 г болатын кәдімгі алабұғаның бір данасы тіркелді. Аталған түр Балқаш-Алакөл бассейні үшін бөгде түр болып табылады. Оның пайда болуы, болжам бойынша, аквакультураның бақылаусыз дамуымен байланысты.

Өзен алабұғасы немесе кәдімгі алабұға (Perca fluviatilis Linnaeus, 1758) кең таралған түр болып табылады. Ол Балқаш-Алакөл бассейнінде кездеспейді, бұл жерде оның экологиялық орнын басқа түр иеленген, сондай-ақ Талас өзені мен Сырдария бассейнінің Шымкент облысы аумағындағы бөлігінде таралмаған.

  • Тұрақты мекендеуші балық. 1–3 жасында жыныстық жетіледі.
  • Су температурасы 7–15 ºС болған кезде көктемде уылдырық шашады. Фитофил.
  • Уылдырығын өсімдіктерге «гирляндалар» түрінде, кейде су түбіне шашады. Тұқымдылығы – 900 мыңға дейін уылдырықты құрайды.
  • Қоректенуі аралас: зообентос және балық шабақтары, соның ішінде өзінің шабақтары.
  • Каннибализм әсіресе басқа балықтар жоқ жерлерде байқалады. Кәсіптік түр.

Алакөл көлдер жүйесінде (АКЖ) жаз маусымында жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары

2026 жылдың 16 шілдесінен бастап қазіргі уақытқа дейін «БШ ҒӨО» ЖШС-нің қызметкерлері: экспедициялық отряд жетекшісі – Қарлыбайұлы С. және ғылыми қызметкерлер – Пангереев Б.С., Игілік Р., Жданко Л.А. және зертханашы – Абишев Н. 021 бағдарлама (100 бағдарлама тармағы) және 267 БҚЖ бойынша Алакөл көлдер жүйесінде (АКЖ) жаздық кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

  • Іссапар барысында мониторингтік нүктелер бойынша кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде ихтиологиялық, гидробиологиялық және гидрохимиялық материалдар мен сынамалар жиналуда, сонымен қатар, эхолоттық түсірілім жүргізілуде;
  • Алакөл көлдер жүйесінде (Алакөл, Қошқаркөл, Сасықкөл) ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу кезеңінде Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы (БАОББШИ) Алакөл балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Жумагулов А.У. қатысуда.
  • Кешенді зерттеу жұмыстары 2026 жылдың тамыз айына дейін жалғасатын болады.

Алакөл көлдер жүйесін (АКЖ) зерттеу барысында Қатынсу өзенінен шабақтық сүзгі ауға Misgurnus туысына жататын, дене ұзындығы (L) 75,5–111,2 мм, дене салмағы 1,25–6,45 г аралығында 7 дана шырма-балық ауланды. Misgurnus туысының өкілдері бұл өңір үшін бөгде (интродукцияланған) балықтар болып табылады және бұған дейін Алакөл көлдер жүйесін зерттеу барысында тіркелмеген.

Misgurnus туысы Cobitidae (шырмабалықтар) тұқымдасына, Cypriniformes (тұқытәрізділер) отрядына жатады. Бұл – денесі ұзынша, цилиндр тәрізді, аузы маңында 10 мұртшасы бар, тұщы су түбінде тіршілік ететін балықтар. Оттегі тапшылығына төзімді, атмосфералық ауамен тыныс ала алады және қолайсыз жағдайда лайға көміліп тіршілік етуге бейім. Табиғи таралу аймағы Шығыс Азияны қамтиды, ал кейбір түрлері басқа өңірлерге интродукцияланған.

Misgurnus туысы өкілдерінің Қатынсу өзенінде кездесуі олардың Алакөл көлдер жүйесіне жататын көршілес су ағындарынан табиғи таралуымен де, антропогендік интродукциямен де байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді және олардың таралуын әрі қарай тұрақты бақылауды қажет етеді.  

 

Page 1 of 10
1 2 3 … 10