Қытайлық HITIDE Biotech компаниясы өкілдерінің «БШ ҒӨО» ЖШС-не сапары

2025 жылғы 23 маусымда «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-не жұмыс сапарымен су жануарларын қорғауға арналған биотехнологиялық құралдардың жетекші әзірлеушісі болып табылатын Қытайдың Jiangsu Hitide Biotechnology Co., LTD (HITIDE Biotech) компаниясының өкілдері келді.

Сапардың мақсаты — акваөсіру саласындағы аурулардың алдын алу және HITIDE Biotech компаниясының инновациялық биотехнологияларын Қазақстандағы балық шаруашылықтарына енгізу мүмкіндіктерін талқылау.

Делегация құрамында:

  • Доктор Линь Сюйе – HITIDE Biotech негізін қалаушы, жануарларды вакцинациялау саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар сарапшы;
  • Доктор Фрэнк Ли – жетекші америкалық ғалым, компанияның халықаралық жобаларының техникалық жетекшісі;
  • Компанияның ғылыми-зерттеу және өндірістік тобының мүшелері.

Кездесуді «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Бас директор, б.ғ.д., профессор, ҰАҒА академигі Исбеков Қ.Б. жүргізіп, акваөсіру саласындағы биологиялық қауіпсіздік пен балық шаруашылығының тұрақты дамуы мақсатында халықаралық ғылыми-өндірістік компаниялармен әріптестіктің маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, кездесуге «ҚазҒЗВИ» ЖШС бас директорының орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Абдыбекова А.М. қатысты.

Кездесу барысында қытай тарапы компанияның келесі негізгі технологиялық платформаларын таныстырды:

  • су жануарларына арналған пероральді вакциналар платформасы (қорғау деңгейі 70%-дан жоғары),
  • антимикробтық препараттарға арналған кері орау технологиясы платформасы (пайдалану тиімділігі 98%-ға дейін),
  • инновациялық ақуыздық вакциналар мен вирус/бактерия байланысатын ақуыздар платформасы.

Сонымен қатар, жаңа вакциналарды бірлесіп зерттеу, клиникалық сынақтар өткізу және пилоттық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.

Сапар нәтижесінде ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға өзара қызығушылық білдіріліп, ынтымақтастық туралы ниеттестік меморандумына қол қойылды.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша жұмыс кеңесі

2025 жылғы 20 маусымда «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас кеңсесінде 2024-2026 жылдарға арналған нысаналы қаржыландыру бағдарламаларының қорытындыларын талқылау бойынша жұмыс отырысы өтті:

1.«Қазақстанның әртүрлі аймақтарының табиғи-климаттық жағдайларында инновациялық, экономикалық тиімді технологиялар мен жаңа аквакультура нысандарын әзірлеу және енгізу».

2.«Су биологиялық ресурстарын сақтау және орнықты пайдалану үшін су айдындарының әлеуетін бағалау және қордың динамикасын модельдеу негізінде кешенді зерттеу».

Жиналыста 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы нәтижелері тыңдалды.

Жиналыс нәтижелері:

  • Бағдарламалардың орындалу барысы бағаланды.
  • Зерттеу жұмыстарының сапасын арттыру бойынша ұсыныстар мен нұсқаулар берілді.

ҚазҰАЗУ студенттері БШҒӨО-да өндірістік тәжірибеден өтуде

«Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС мен «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ арасындағы ынтымақтастық туралы шарт аясында «Акваөсіру және су биологиялық ресурстары» мамандығы бойынша 3-курс студенттері Алматы қаласындағы Бас бөлімшеде өндірістік тәжірибеден өтуде.

Гидробионттар генетикасы зертханасының меңгерушісі, PhD докторы Адырбекова Камила төменде аталған практиканттар үшін «Балықтардың генетикалық талдауы: ДНҚ-ны бөліп алу бойынша зертханалық практикум» тақырыбында ғылыми-білім беру семинарын өткізді:

  1. Тұяқбай Інкәр
  2. Өмірхан Адина
  3. Нарбай Бақдәулет
  4. Батырбекұлы Ерқанат
  5. Бейсетай Жан

Семинардың мақсаты – студенттерді ихтиологиялық зерттеулерде қолданылатын молекулалық-генетикалық әдістердің негіздерімен таныстыру және балық тіндерінен геномдық ДНҚ-ны бөліп алу процесін практикалық түрде көрсету, оны кейіннен генетикалық талдауда қолдану. Семинар қысқаша теориялық бөлімнен және практикалық бөлімнен тұрады.

Семинар бағдарламасы:

  • Молекулалық генетикаға кіріспе және оның ихтиологиядағы рөлі;
  • ДНҚ-мен жұмыс істеудің негізгі кезеңдері: үлгіден талдауға дейін;
  • Балық тіндерінен ДНҚ-ны бөліп алу хаттамасын көрсету;
  • Қолдану перспективаларын талқылау.

Балық тіндерінен ДНҚ-ны бөліп алу бойынша өткізілген семинар молекулалық әдістердің қазіргі ғылымдағы жоғары өзектілігін көрсетті және студенттердің қызығушылығын тудырды. Семинардың практикалық бағыттағы форматы қатысушыларға ихтиологиядағы генетикалық зерттеулердің теориялық негіздерін меңгеріп қана қоймай, ДНҚ оқшаулаудың зертханалық кезеңдеріне тікелей қатысуға мүмкіндік берді.

Президент АӨК пен акваөсіруді дамытуға арналған Заңға қол қойды

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аквашаруашылық, агроөнеркәсіптік кешен, электр энергетикасы және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды

Заңмен Жер, Орман, Экологиялық және Кәсіпкерлік кодекстерге, сондай-ақ 14 заңға түзетулер енгізілді.

Түзетулердің бірінші блогы заңнамалық актілерді қабылданған және қол қоюға ұсынылған «Аквашаруашылық туралы» Заңға сәйкес келтіруге бағытталған.

Жер кодексіне енгізілген түзетулермен аквашаруашылықты жүргізу үшін су қоры жерлерінің құрамынан жер учаскелерін беру мүмкіндігі белгіленді. Бұл ретте аквашаруашылықты жүргізуге арналған жер учаскелерін беру үшін конкурстық өтінімге қойылатын талаптар регламенттелген.

 Орман кодексіне енгізілген түзетулермен мемлекеттік орман қоры учаскелерінде балық өсіру жөніндегі қызметті жүзеге асыру мүмкіндігі белгіленді. Жануарлар дүниесін пайдалануға арналған лимиттер мен квоталарды белгілеуге қойылатын талаптар қайта қаралды.

 «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заң агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларының жаңа нысандарымен толықтырылды.

Мемлекет басшысы «Аквашаруашылық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды

Заңның мақсаты – жаңа өндірістер құру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту, бәсекеге қабілетті акваөсіру нысандарын көбейту, сондай-ақ қоршаған ортаға және адам өмірі мен денсаулығына қауіпсіз ету арқылы акваөсіру саласын тұрақты дамыту.

Құжатқа жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту мақсатында инвестициялық жобаларды ғылыми сүйемелдеу енгізілді. Соның нәтижесінде бюджет қаражаты есебінен бизнеске ақпараттық-талдамалық және ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетіледі.

Сондай-ақ Заңда субсидиялау, жеңілдікпен несиелеу, сақтандыру, салық преференциялары, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары көзделген.

Заңда акваөсіру субъектілері жүзеге асыратын қызмет түрлері, сондай-ақ балық шаруашылығы су айдындары мен осындай қызметті жүзеге асыруға арналған учаскелер (халықаралық, республикалық және жергілікті) нақты бөлінген.

Су биологиялық ресурстарына және олардың тіршілік ету ортасына зиян келтірмеу үшін Заңда балық шаруашылығы су айдындарын ұтымды пайдаланудың негізгі қағидаты белгіленген.

Сонымен қатар акваөсіру саласына мемлекеттік бақылау енгізілді. Бұл жануарлар дүниесін қорғау, оның өсімін молайту және пайдалану бағытындағы бақылаудың бір бөлігі саналады.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Орталық Азия биоалуантүрлілігін сақтау жөніндегі халықаралық форум

Бүгін Алматы қаласында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесе ұйымдастырылған «Орталық Азиядағы биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері мен перспективалары» атты Халықаралық форум өтуде. Форум Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Экологтар күніне арналған.

Іс-шараға «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС атынан қатысуда:

  • Ақпараттық-инновациялық бөлімнің жеткшісі, PhD – Болатбекова З.Т.
  • Ихтиология зертханасының меңгерушісі – Сансызбаев Е.Т.
  • Ихтиология зертханасының аға ғылыми қызметкері, PhD – Амирбекова Ф.Т.
  • Ихтиология зертханасының аға ғылыми қызметкері, PhD – Булавина Н.Б.
  • Аквакультура зертханасының ғылыми қызметкері – Бараков Р.Т.
  • Ақпараттық-инновациялық бөлімнің менеджерлері – Сүлейменова А.М. және Жарас М.Т.

Форум аясындағы ғылыми-инновациялық көрмеде «БШҒӨО» ЖШС өз экспозицияларын таныстырды:

  • тірі бекіре балықтарының экспозициясы;
  • арнайы ерітіндіде сақталған зерттеліп жатқан балық түрлерінің сақталған экспонаттары;
  • ғылыми жарияланымдар, соның ішінде арнайы атластар, монографиялар және әдістемелік ұсыныстар;
  • «БШҒӨО» ЖШС мамандары әзірлеген пайдалы модельдерге берілген патенттер.

 Форумда талқыланған басты тақырыптар:

  • Тұрақты даму және биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері
  • Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың табиғатты қорғаудағы рөлі
  • Экологияға қатысты білім беру және ақпараттандыру
  • Биоалуантүрлілікті мониторингке арналған ГАЖ технологиялары

Форум кәсіби диалог пен бірлескен шешімдер қабылдаудың маңызды алаңына айналды. «БШҒӨО» ЖШС Орталық Азия өңірінің тұрақты дамуы үшін инновациялық ғылыми әдістерді әзірлеуді және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастыруда.

Жапон делегациясының «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы»ЖШС-не сапары

2025 жылғы 4 маусымда «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) қолдауымен жүзеге асырылатын зерттеу жобасы шеңберінде Жапония мемлекетінен делегация жұмыс сапарымен келді.

Сапардың мақсаты Қазақстанның лосось фермаларында жапондық технологиялар мен жабдықтарды қолдану мүмкіндіктерінің техникалық-экономикалық негіздемесін жүргізу.

Делегация құрамында жапондық Furatt Gosei Co., Ltd. өкілдері және Daichu Corporation корпорациясы, сондай-ақ акваөсіру және халықаралық консалтинг саласындағы сарапшылар болды.

 JICA делегациясының құрамы:

1)      Furatt Gosei Co., Ltd: Кавахара Сатоси Мырза, Има Александра ханым

2) Daichu корпорациясы: Шибуя Шота Мырза, Фуруя Норихиро Мырза

3) Аймақтық ғылыми-зерттеу институты: Dogin Кагай Йошифуми Мырза

4) Hidaka лосось өсіру қауымдастығы: Шимизу Масару Мырза

5) KPMG AZSA: Канеко Хироки мырза

6) Жобаларды қалыптастыру жөніндегі кеңесші: JICA Цудзи Сатоши мырза

7) Аудармашы: Бисенғали Кенесары Мырза 

Кездесуді «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС бас директорының орынбасары, биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰАҒА академигі Асылбекова С. Ж. өткізіп, еліміздің балық саласын тұрақты дамыту үшін ғылыми алмасу мен халықаралық әріптестіктің маңыздылығын атап өтті.

Аквакультура зертханасының аға ғылыми қызметкері Булавина Н. Б. баяндама жасап, акваөсіру саласындағы зерттеулердің негізгі бағыттарын және Қазақстанның балық өсіру шаруашылықтарында жапон технологияларын енгізу перспективаларын ұсынды.

Сапар аясында жабдықтарды жаңғырту, бизнес-мүмкіндіктер және Қазақстан мен Жапония мемлекеті арасындағы балық шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық бағыттары талқыланды.

Алакөл көлдер жүйесіндегі ғылыми-зерттеу жұмыстары

Ағымдағы жылдың 14 мамырынан бастап  «Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы» ЖШС-ның қызметкерлері (экспедициялық отряд жетекшісі – Карлыбайулы С., ғылыми қызметкер – Баққожа Ж.М.., ғылыми қызметкер – Бектуров Б.С., ғылыми қызметкер – Жданко Л.А., кіші ғылыми қызметкер – Өтеген С.А. және жүргізуші – Абишев Н.) ББ 021 б/т 100 (ШАМ) және ББ 267 б.т 101 (БНҚ) бағдарламалар бойынша Алакөл көлдер жүйесінде кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі таңда экспедициялық жасақ келесі жұмыстарды жүргізуде:

— суайдындардың физико-географиялық және гидрологиялық сипаттамасы;

— гидрохимиялық режимді талдау;

— суайдындардың қоректік қорының жағдайын талдау;

— суқоймалардағы балықтарың және басқа да гидробионттардың түрлік құрамын анықтау.   

Су айдындарында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу кезеңінде Алакөл балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Cулейменов Н.Б.  қатысуда.

Алакөл көлдер жүйесінде зерттеу жұмыстары жалғасуда.

Акваөсірудегі инновациялар: жаңа патенттер

2024–2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бағдарламалары аясында келесі бағдарламалар бойынша:

  • BR23591095 – «Су биологиялық ресурстарын олардың әлеуетін бағалау және қорлар динамикасын модельдеу негізінде сақтау үшін су айдындарын кешенді зерттеу»
  • BR23531065 – «Қазақстанның әртүрлі өңірлерінің табиғи-климаттық жағдайларында экономикалық тиімді акваөсіру технологиялары мен нысандарын әзірлеу және енгізу»

Келесі пайдалы модельдерге патенттер алынды:

▣ №10565 Паразитологиялық зерттеулер кезінде тірі балықтарды уақытша ұстауға арналған құрылғы. Пайдалы модель балық шаруашылығы саласына жатады және оны су айдындарындағы балықтарды паразитологиялық зерттеу кезінде қолдануға болады.

▣ №10566 Су айдынындағы бөгде балықтардың түрлік құрамын анықтау тәсілі. Пайдалы модель балық шаруашылығы саласына жатады және оны табиғи су қоймаларындағы бөтен балықтардың түрлік құрамын зерттеуде қолдануға болады.

▣ №10596 Бекіре тұқымдас балықтардың түрлерін анықтау әдісі. Пайдалы модель балық өсіру саласына жатады және оны бекіре тұқымдас балықтардың пайдаланушы аналық үйірін қалыптастыру кезінде қолдануға болады.

▣ №10643 Балық өсіретін шаруашылықтарда оңғақ өсіру әдісі. Пайдалы модель балық өсіру саласына жатады және оны оңғақ өсіруге арналған балық өсіру шаруашылықтарында қолдануға болады.

Зерттеулерді Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі қаржыландырады.

Қапшағай суқоймасында жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары

Ағымдағы жылдың 10 мамырынан бастап  «Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы» ЖШС-ның мамандарымен (экспедициялық отряд жетекшісі – Макамбетов С.Ж., ғылыми қызметкер – Игілік Р., ғылыми қызметкер – Мукатай А.А., ғылыми қызметкер – Жданко Л.А., кіші ғылыми қызметкер — Маратұлы Қ. және жүргізуші – Сахарин Н.К.) 021 (бағд.тарм. 100) және 267 (бағд.тарм.101) бағдарламалар бойынша Іле өзені мен Қапшағай суқоймасында көктем мерзіміндегі кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Жұмыстың мақсаты – Қапшағай суқоймасында, құярлық аймақта, Іле өзенінде (жоғары ағысы) балық ресурстары мен өзге де су жануарларының рұқсат етілетін шектеулі ауланатын мөлшерін есептеу және кәсіпті тиімді жүргізу жөнінде ұсыныстар беру үшін басты кәсіптік балық түрлерінің популяцияларының қазіргі кездегі жағдайын бағалау, сонымен қатар, биологиялық әртүрлілік динамикасын талдау және оны сақтау жөніндегі шараларды әзірлеу.

Қазіргі таңда экспедициялық отряд төмендегідей кешенді (гидрохимиялық, гидробиологиялық, ихтиологиялық) ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде:

— суайдындардың физико-географиялық және гидрологиялық сипаттамасы;

— гидрохимиялық режимді талдау;

— суайдындардың қоректік қорының жағдайын талдау;

— суқоймалардағы балықтарың және басқа да гидробионттардың түрлік құрамын анықтау.   

Қапшағай суқоймасында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу кезеңінде Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы (БАОББШИ)  Қапшағай балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Шкуркин Н.В. қатысуда.