Бүгін Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы С. Сермағамбетов «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-не (БШ ҒӨО) жұмыс сапарымен келді. Іс-сапар барысында төраға «БШ ҒӨО» ЖШС-нің ұжымына орталықтың бас директоры лауазымына тағайындалған Суюбаев Алмат Сағынтайұлын таныстырды.
Төраға ұжым қызметкерлерімен мәжіліс өткізіп, орталықты 17 жыл басқарған Исбеков Қуаныш Байболатұлына алғыс білдірді.
«Қуаныш Байболатұлы 30 жылға жуық уақыт еліміздің балық шаруашылығының дамуына, оның ішінде 17 жыл ғылыми-өндірістік орталықтың өсіп өркендеуіне үлес қосқан білікті қызметкер, тәжірибелі басшы. Орталықты басқарған уақытта, балық шаруашылығындағы ғылыми жобаларды қаржыландыру мәселелері оң шешімін тауып, мекеменің материалдық-техникалық базасы едәуір нығайды. Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы жүйелі түрде іске асып, Қытай, АҚШ, Түркия сынды мемлекеттермен халықаралық ынтымақтастық нығайды» — деді Комитет төрағасы.
Ұжымға ғылыми орталықтың жаңа басшысын таныстырғаннан кейін төрағаның қосқаны:
«Алмат Сағынтайұлы мемлекеттік және халықаралық қызметтерде жемісті еңбек еткен білікті маман, тәжірибесі толысқан басшы. Жүктелген міндетті межелі уақытында орындайтын жауапты қызметкер. Әлеуеті жоғары кадр ретінде өз жұмысын кәсіби деңгейде атқарады деп сенемін» — деді С. Сермағамбетов.
Іс-сапар барысында Комитет төрағасы мен жаңадан тағайындалған бас директор орталықтың ағымдағы жұмыс барысымен танысып, зертханалар мен бөлімдерді аралап, балық шаруашылығы ғылымының өзектілігі, саладағы бірқатар мәселелер және балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған Бағдарламасын іске асыру барысын талқылады.

