«Қазақстанның әртүрлі өңірлерінің табиғи-климаттық жағдайларында экономикалық тұрғыдан тиімді аквакультураның инновациялық технологиялары мен жаңа объектілерін әзірлеу және енгізу» ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында «Қазақстанның балық өсіру шаруашылықтары жағдайында перспективалы аквакультура объектілерін өсірудің тиімді биотехникалық тәсілдерін сынақтан өткізу және енгізу, сондай-ақ ДНҚ-маркерлерді қолдану арқылы олардың генетикалық сәйкестендірілуін жүргізу» жобасы бойынша «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің Балқаш филиалындағы балық өсіру учаскесінде Қазақстан Республикасының табиғи су айдындарынан ауланған оңғақ балықтарын аквакультура жағдайларына қолға үйрету, сондай-ақ оны жабық сумен қамтамасыз ету қондырғыларында (ЖСҚ) бассейндерде өсіру технологиясын әзірлеу және жасанды азықтарға бейімдеу бойынша зерттеулер алғаш рет жүргізілуде.
Шаянтәрізділерге арналған жабық сумен қамтамасыз ету қондырғысында (ЖСҚ) кран суын пайдалана отырып, Розенберг тұщы су асшаянын өсірудің биотехникалық тәсілдері пысықталуда.
25-29 тамыз аралығында жоба аясында зерттеліп жатқан барлық нысандарға — ЖСҚ-да өсіріліп жатқан Розенберг тұщы су асшаяны мен оңғақ балығына сұрыптау жүргізілді.
Асшаяндар үш топқа бөлініп, шаянтәрізділерге арналған ЖСҚ-дағы көлемі 1 м³ болатын төртбұрышты бассейндерде ұсталады. Топтар бойынша асшаяндардың орташа салмағы тиісінше 102,2 г, 94,8 г және 82,4 г құрады. Асшаяндарды азықтандыру үшін «Aller Perfopma» жемі пайдаланылады, тәуліктік азықтандыру рационы — 3%.
ЖСҚ-да өсіріліп жатқан оңғақ балығы төрт өлшемдік топқа бөлініп, көлемі 2,5 м³ болатын №1, №2, №4 және №6 дөңгелек бассейндерге орналастырылды. Статистикалық талдау жүргізу үшін барлық оңғақ дарақтарының өлшемдік көрсеткіштері алынды. Бассейндер бойынша оңғақтың орташа салмағы: №1 бассейнде — 758 г, №2 — 574 г, №4 — 326 г, №6 — 278 г болды. Оңғақты азықтандыру үшін «Aller Classic» тұқы жемі пайдаланылады, тәуліктік азықтандыру рационы — 1,8%.
Көрсетілген кезеңде ЖСҚ жүйелеріндегі судың гидрохимиялық көрсеткіштеріне мониторинг жүргізілді. Асшаяндар мен оңғақ өсірілетін ЖСҚ-лардағы судың негізгі көрсеткіштері оңтайлы деңгейде болды: температура — 23–24 °C, оттегінің мөлшері — 6,1–9,2 мг/л, рН көрсеткіші — тиісінше 8,2–8,6 бірлік.
Жұмысқа бағдарламаның жетекшісі, бас директордың бірінші орынбасары Асылбекова С.Ж., аквакультура зертханасының аға ғылыми қызметкері Бадрызлова Н.С. және кешенді балық шаруашылығы зертханасының меңгерушісі Алтаева Ф.А. қатысты.
