Қапшағай су қоймасы мен Іле өзеніндегі жазғы кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары

16 шілдеден бастап қазіргі уақытқа дейін «БШ ҒӨО» ЖШС қызметкерлерімен (экспедициялық отряд жетекшісі – Макамбетов С.Ж., экспедициялық отряд жетекшісінің м.а. – Бакқожа Ж.М., ғылыми қызметкер – Бектуров Д.Е., кіші ғылыми қызметкер – Өтеген С.А.) 021 бағдарлама (100 бағдарлама тармағы) және 267 БҚЖ бойынша Іле өзені мен Қапшағай  суқоймасында жаздық кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Жұмыстың мақсаты — іссапар кезеңінде мониторингтік нүктелер бойынша ихтиологиялық, гидробиологиялық және гидрологиялық материалдар жинау.

Іс-сапар барысында мониторингтік нүктелер бойынша кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде ихтиологиялық, гидробиологиялық және гидрохимиялық материалдар мен сынамалар жиналуда, сонымен қатар, эхолоттық түсірілім жүргізілуде;

Қапшағай суқоймасында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу кезеңінде Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы (БАОББШИ)  Қапшағай балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Советхан Ш.С. қатысуда.

Зерттеу кезеңінде Қапшағай су қоймасының 9-станциясында (координаттары: ендігі 43°56’25.75″С, бойлығы 77°21’50.14″Ш) дене ұзындығы L – 23,3 см, l – 20,3 см және салмағы 202 г болатын кәдімгі алабұғаның бір данасы тіркелді. Аталған түр Балқаш-Алакөл бассейні үшін бөгде түр болып табылады. Оның пайда болуы, болжам бойынша, аквакультураның бақылаусыз дамуымен байланысты.

Өзен алабұғасы немесе кәдімгі алабұға (Perca fluviatilis Linnaeus, 1758) кең таралған түр болып табылады. Ол Балқаш-Алакөл бассейнінде кездеспейді, бұл жерде оның экологиялық орнын басқа түр иеленген, сондай-ақ Талас өзені мен Сырдария бассейнінің Шымкент облысы аумағындағы бөлігінде таралмаған.

  • Тұрақты мекендеуші балық. 1–3 жасында жыныстық жетіледі.
  • Су температурасы 7–15 ºС болған кезде көктемде уылдырық шашады. Фитофил.
  • Уылдырығын өсімдіктерге «гирляндалар» түрінде, кейде су түбіне шашады. Тұқымдылығы – 900 мыңға дейін уылдырықты құрайды.
  • Қоректенуі аралас: зообентос және балық шабақтары, соның ішінде өзінің шабақтары.
  • Каннибализм әсіресе басқа балықтар жоқ жерлерде байқалады. Кәсіптік түр.