2026 жылдың 16 шілдесінен бастап қазіргі уақытқа дейін «БШ ҒӨО» ЖШС-нің қызметкерлері: экспедициялық отряд жетекшісі – Қарлыбайұлы С. және ғылыми қызметкерлер – Пангереев Б.С., Игілік Р., Жданко Л.А. және зертханашы – Абишев Н. 021 бағдарлама (100 бағдарлама тармағы) және 267 БҚЖ бойынша Алакөл көлдер жүйесінде (АКЖ) жаздық кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Алакөл көлдер жүйесін (АКЖ) зерттеу барысында Қатынсу өзенінен шабақтық сүзгі ауға Misgurnus туысына жататын, дене ұзындығы (L) 75,5–111,2 мм, дене салмағы 1,25–6,45 г аралығында 7 дана шырма-балық ауланды. Misgurnus туысының өкілдері бұл өңір үшін бөгде (интродукцияланған) балықтар болып табылады және бұған дейін Алакөл көлдер жүйесін зерттеу барысында тіркелмеген.
Misgurnus туысы Cobitidae (шырмабалықтар) тұқымдасына, Cypriniformes (тұқытәрізділер) отрядына жатады. Бұл – денесі ұзынша, цилиндр тәрізді, аузы маңында 10 мұртшасы бар, тұщы су түбінде тіршілік ететін балықтар. Оттегі тапшылығына төзімді, атмосфералық ауамен тыныс ала алады және қолайсыз жағдайда лайға көміліп тіршілік етуге бейім. Табиғи таралу аймағы Шығыс Азияны қамтиды, ал кейбір түрлері басқа өңірлерге интродукцияланған.
Misgurnus туысы өкілдерінің Қатынсу өзенінде кездесуі олардың Алакөл көлдер жүйесіне жататын көршілес су ағындарынан табиғи таралуымен де, антропогендік интродукциямен де байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді және олардың таралуын әрі қарай тұрақты бақылауды қажет етеді.
