ҚазҰАЗУ-дың «Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультеті дәстүрлі бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді

2026 жылғы 13 мамырда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультетінің ұйымдастыруымен түлектерге арналған дәстүрлі «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» өтті. Іс-шараның басты мақсаты – студенттер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту, жас мамандарды еңбек нарығына бейімдеу және олардың кәсіби даму мүмкіндіктерін кеңейту болды. Жәрмеңкеге еліміздің түрлі салаларындағы жетекші компаниялар мен ұйымдар қатысып, студенттерге бос жұмыс орындары, өндірістік тәжірибе, тағылымдамадан өту және мансаптық өсу бағыттары бойынша толық ақпарат ұсынды. «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС атынан Инновациялар және өндірістік қызмет жөніндегі бас директордың орынбасары, PhD Баракбаев Тынысбек Темирханович қатысып, баяндама жасады. Іс-шара барысында студенттер жұмыс берушілермен тікелей кездесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Ал компания өкілдері болашақ мамандардың кәсіби дайындық деңгейімен танысып, әлеуетті қызметкерлерді іріктеу мүмкіндігіне ие болды. Жәрмеңке аясында ашық диалог алаңы қалыптасып, бірқатар студенттер тәжірибеден өту және жұмысқа орналасу бойынша алдын ала ұсыныстар алды.