Пілмайды аулау Балқаш көлінде, Қаратал және Іле өзендерінде, Қапшағай су қоймасында жұмыстар жүргізіп жатыр

Қазіргі таңда «БШҒӨО» ЖШС «Сирек кездесетін түрлердің жасанды өсімін молайту және бөгде балық түрлері мен басқа да гидробионттардың таралуын болдырмау бойынша ұсыныстарды жасау мақсатында сирек және жойылып кету қаупі бар балық түрлері популяцияларын және бөгде гидробионттарды зерттеу» МҚБ жобасы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Бұл жоба аясында Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл және Ертіс бассейндерінде зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жобаның мақсаттарының бірі — Балқаш-Алакөл бассейнінің су қоймаларындағы сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар балық түрлерінің тірі материалдарын алу және балық шаруашылығында пілмайды қолға үйрету технологиясын әзірлеу болып табылады.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінен  пілмайды аулауға рұқсаты алынды (20.05.2022 ж.) және «БШҒӨО» ЖШС-нің ғылыми қызметкерлері пілмайды аулауға рұқсат негізінде Балқаш көлінде, Қаратал өзенінде, Іле өзенінде және Қапшағай су қоймасында, сондай-ақ Балқаш-Алакөл бассейнінде бөгде балық түрлері мен басқа да гидробионттардың кездесуін анықтау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.