Аквамәдениет саласындағы тәжірибе алмасу: БШҒО және ШҰАР балық өсіру кәсіпорындары
13-14 сәуірде «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-ның делегациясы Синьцзян балық шаруашылығы ғылымдары институтының тәжірибелік базасында болды. Базаның негізгі бағыттарының бірі — көксерке өсіру. Көксеркенің акваөсірудегі танымалдылығы мен құнды аспаздық қасиеттері бұл бағыттың маңыздылығын арттырып отыр.
Сапар барысында делегация бірнеше маңызды аспектілермен танысты:
• Инкубация процесі;
• Көксеркенің аналық үйірін қолға үйрету (доместикация);
• Қыстауы;
• Күйзелісті басуға және гормоналды инъекциялардың тиімділігін арттыруға арналған препараттар.
Институт қызметкерлері көксерке дернәсілдері шығарылатын, тұйық сумен жабдықтау жүйесі негізінде жұмыс істейтін инкубациялық цехты таныстырды.
Келесі нысан — СҰАА-ның Үрімші қаласының Шайбақ ауданында орналасқан заманауи «Kunlun Fisheries» балық өсіру кәсіпорны болды. Мұнда шаруашылық әкімшілігі делегацияға тұйық сумен жабдықтау жүйесінде көксерке, үлкен ауызды алабұға және өзен алабұғасын өсірудің өндірістік процесін көрсетті.
Бұл шаруашылықта көксерке өсіру циклі уылдырықты инкубациялаудан бастап, тауарлық салмағы 500-600 грамм болатын бір жаздық шабақты өсіруге дейінгі кезеңді қамтиды. Балықтың үш түрін өндірудің жалпы көлемі жылына 600 тоннаны құрайды. Шаруашылық өз қызметін 2024 жылы бастады және дернәсілдерді, шабақтарды және тауарлық балықтарды өсіруге арналған өндірістік қуаттарға ие, сонымен қатар судың жалпы көлемі 5000 м³ құрайды. Қазіргі уақытта шаруашылық қызметкерлері көксеркенің аналық үйірін қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс істеуде, оның бір бөлігі бассейндік жағдайда ұсталуда.
«Kunlun Fisheries» кәсіпорны Xinjiang Haoyuan Investment Group («Хоуя Груп») компаниясының құрамына кіреді. Шаруашылықты аралағаннан кейін компания директоры, мистер Ма, топтың негізгі қызмет бағыттарын таныстырды. Ол «Kunlun Fisheries» жобасы Синьцзянь еркін сауда аймағындағы мемлекеттік «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы сәтті жобалардың бірі екенін атап өтті. «Хоуя Груп» құрамындағы алты еншілес компания акваөсіруден бөлек, үлкен деректер (big data), жасанды интеллект, мәдениет, туризм, БАҚ және бренд-жоспарлау салаларында жұмыс істейді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар балық шаруашылықтарын жобалау, кеңес беру, көксерке мен балықтың басқа да түрлерінің уылдырығы мен отырғызу материалын сату, сондай-ақ акваөсіру саласындағы технологиялар трансфері үшін алаңдар құру сияқты бағыттарда өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.