Құнды гидробионттарды өсіру жобаларын дамыту: «БШ ҒӨО» ЖШС-ның Шихэцзыға халықаралық сапары
2026 жылғы 9-10 сәуірде «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының» делегациясы Шихэцзы университетіне (СҰАА, ҚХР) ресми сапармен барды. Делегация құрамында бас директор Суюбаев А.С., бас директордың бірінші орынбасары Асылбекова С.Ж., атқарушы директор Исбеков Қ.Б. және жетекші ғылыми қызметкер Бараков Р.Т., сондай-ақ «ИП DWS» ЖШС директоры Финогенов М. болды.
Қабылдаушы тараптан факультет деканы Zhang Hui, профессорлар мен лекторлар Nie Cunxi, Liu Han, Zhao Jing және кездесу модераторы Luo Xialing сөз сөйледі. Сондай-ақ, делегацияны Шихэцзы қаласы 8-аймағының Мал шаруашылығы және балық шаруашылығын дамыту орталығының өкілдері — Gao Jing мен Ding Yuwei қарсы алды.
Кездесу барысында тараптар аквакультураның жай-күйін, Қазақстан мен СҰАА-дағы балық саласының ағымдағы дамуын, сонымен қатар көксерке мен тұқы тұқымдас балықтар сияқты коммерциялық құнды түрлерді және басқа да гидробионттарды (соның ішінде тынық мұхиттық тұщы су шаяны мен жіңішке саусақты өзен шаяны) өсіру бойынша бірлескен ғылыми жобаларды талқылады.
Ғылыми жобалар аясында ынтымақтастықтың басым бағыттары айқындалды: 1. Аквакультураның суық су объектілерін өсіру. 2. Тұзды су аквакультурасын дамыту.
Кездесу қорытындысы бойынша ғылыми ұйымдар арасындағы ғылым мен бизнестің интеграциясын нығайтуға бағытталған бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеуге дайындық білдірілді. Сондай-ақ, тараптар меморандум жобасы бойынша бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігін талқылады.
Ресми баяндамалардан кейін делегация заманауи зертханалық жабдықтармен және ғылыми персоналдың жұмыс жағдайымен танысты. Сапар соңында делегация тынық мұхиттық тұщы су шаянының дернәсілдерін бассейнде өсіруге және тауарлы өнімді тоған технологиясымен өндіруге маманданған «Чжун Мяо» фермасына барды. Әкімшілік персоналдың мәліметінше, ауданы 0,6 га болатын бір тоғанның өнімділігі 400 кг тауарлы шаянды құрайды. Қытай нарығында бұл шаяндардың бір данасы 40-60 юань аралығында сатылады.