Асылбекова Сауле Жангирқызы Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл жоғары марапат отандық ғылымды, балық шаруашылығын және аквакультураны дамытуға қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ ұзақ жылдар бойғы нәтижелі ғылыми және қоғамдық қызметі үшін берілді.
Сауле Жангирқызы – Қазақстанда «Балық шаруашылығы және аквакультура» мамандығы бойынша биология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алған алғашқы және бүгінгі күнге дейінгі жалғыз ғалым. Бұл факт оның ғылыми өмірбаянын отандық балық шаруашылығы ғылымы үшін шын мәнінде бірегей етеді.
Көптеген жылдар бойы С.Ж. Асылбекованың ғылыми және практикалық қызметі саланың стратегиялық маңызды міндеттерін шешумен тығыз байланысты. Атап айтқанда, балық ресурстарын сақтау және көбейту, ғылыми негізделген аквакультура жүйесін дамыту, сондай-ақ өндірістік тәжірибеге заманауи технологияларды енгізу бағыттарында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Оның ғылыми жетекшілігімен Қазақстандағы аквакультураның тұрақты дамуы үшін маңызды мәнге ие бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудың ірі жобалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар ол гранттық жобаларды және ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын табысты басқарып келеді.
Сауле Жангирқызы оннан аса PhD доктаранттар мен магистранттардың ғылыми жетекшісі болып табылады және ғылыми кадрларды даярлауға үлкен үлес қосып келеді. Ол балық шаруашылығы мен аквакультура саласында 400-ден астам ғылыми еңбектің, сегіз монография мен оқулықтың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 70-тен астам патентінің авторы және тең авторы. Оның ғылыми әзірлемелері ғылымда, білім беру саласында және өндірістік тәжірибеде кеңінен қолданылуда.
«Құрмет» орденімен марапатталуы – ғалымның көпжылдық еңбегінің, көрнекті ғылыми жетістіктерінің және Қазақстандағы балық шаруашылығы мен аквакультураны дамытуға қосқан зор үлесінің лайықты бағалануы болып табылады. Асылбекова Сауле Жангирқызының ғылыми өмірбаяны кәсіби көшбасшылықтың, ғылымға адалдықтың және елдің ұлттық мүдделеріне қызмет етудің жарқын үлгісі болып саналады.