18–21 желтоқсан аралығында бас бөлімнің аквакультура зертханасы мен Балқаш филиалының кешенді балық шаруашылығы зертханасының қызметкерлері «Қазақстанның балық өсіру шаруашылықтары жағдайында перспективті аквакультура объектілерін өсірудің тиімді биотехникалық тәсілдерін апробациялау және енгізу, оларды ДНҚ-маркерлерді қолдана отырып генетикалық сәйкестендіру» атты ғылыми-зерттеу жобасы аясында тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету қондырғысында өсірілетін оңғақ қара балығы дарақтарын ұстау жағдайлары бойынша деректер жинау жұмыстарын жүргізді. Аталған жұмыстар оңғақтың (Tinca tinca) биологиялық сипаттамаларын зерттеуге бағытталды. Барлық жұмыстар қолданыстағы ҒЗТКЖ кестесіне қатаң сәйкес орындалды.
Сонымен қатар, жұмыстардың жеке бағыты ретінде Балқаш филиалының тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету қондырғысы жағдайында өсірілетін Арал пілмайына ультрадыбыстық сканерлеу жүргізілді. Балық өсіру-биологиялық көрсеткіштер алынып, сондай-ақ генетикалық талдау жүргізу үшін үлгілер жиналды.
Ультрадыбыстық диагностика жыныс бездерінің даму сатысын бағалау және жынысын анықтау мақсатында инвазивті емес әдіс ретінде қолданылды.
Жүргізілген өлшеулер мен ультрадыбыстық сканерлеу нәтижелері Арал пілмайының (Acipenser nudiventris) биологиясы мен репродуктивтік әлеуетін тереңдете зерттеуге бағытталған жаңа ғылыми жобаны әзірлеуге негіз болды. Жиналған ақпарат пілмай популяцияларын сақтау және мониторинг бойынша ғылыми негізделген ұсынымдар дайындау үшін пайдаланылатын болады.

