
Ағымдағы жылдың 10 мамырынан бастап «Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы» ЖШС-ның мамандарымен (экспедициялық отряд жетекшісі – Макамбетов С.Ж., ғылыми қызметкер – Игілік Р., ғылыми қызметкер – Мукатай А.А., ғылыми қызметкер – Жданко Л.А., кіші ғылыми қызметкер — Маратұлы Қ. және жүргізуші – Сахарин Н.К.) 021 (бағд.тарм. 100) және 267 (бағд.тарм.101) бағдарламалар бойынша Іле өзені мен Қапшағай суқоймасында көктем мерзіміндегі кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Жұмыстың мақсаты – Қапшағай суқоймасында, құярлық аймақта, Іле өзенінде (жоғары ағысы) балық ресурстары мен өзге де су жануарларының рұқсат етілетін шектеулі ауланатын мөлшерін есептеу және кәсіпті тиімді жүргізу жөнінде ұсыныстар беру үшін басты кәсіптік балық түрлерінің популяцияларының қазіргі кездегі жағдайын бағалау, сонымен қатар, биологиялық әртүрлілік динамикасын талдау және оны сақтау жөніндегі шараларды әзірлеу.
Қазіргі таңда экспедициялық отряд төмендегідей кешенді (гидрохимиялық, гидробиологиялық, ихтиологиялық) ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде:
— суайдындардың физико-географиялық және гидрологиялық сипаттамасы;
— гидрохимиялық режимді талдау;
— суайдындардың қоректік қорының жағдайын талдау;
— суқоймалардағы балықтарың және басқа да гидробионттардың түрлік құрамын анықтау.
Қапшағай суқоймасында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу кезеңінде Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы (БАОББШИ) Қапшағай балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Шкуркин Н.В. қатысуда.