Оңғақ қара балық пен Розенберг асшаянын өсіру кезіндегі био-техникалық тәсілдердің тиімділігін зерттеу

2024–2026 жылдарға арналған «Қазақстанның әртүрлі аймақтарының табиғи-климаттық жағдайларында инновациялық, экономикалық тиімді технологиялар мен жаңа аквакультура нысандарын әзірлеу және енгізу» атты ғылыми-техникалық бағдарлама аясында «Қазақстанның балық өсіру шаруашылықтары жағдайында перспективалы аквакультура нысандарын өсірудің тиімді биотехникалық тәсілдерін сынақтан өткізу және енгізу, ДНҚ-маркерлерін қолдану арқылы оларды генетикалық сәйкестендіру» жобасы жүзеге асырылуда. Зерттеулер «Қапшағай уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы-1973» ЖШС базасында индустриялық жағдайда Розенбергтің асшаяны мен оңғақ қара балық өсіру бағытында жүргізілуде.

«Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы» ЖШС аквакультура зертханасының қызметкерлері — аға ғылыми қызметкер Н.С. Бадрызлова, ғылыми қызметкерлер Г.М. Маратова мен А.Т. Халелов — зерттеу нысандарына бонитировка жүргізіп, өлшемдерін тіркеді. Асшаян мен оңғақ қара балық бассейндерге, тұйық жүйелі сумен қамтамасыз етілген қондырғы жүйесіне, ағынды науаларға және тоғандарға отырғызылды. Артезиан ұңғымасынан алынған және тоған суын пайдалану арқылы тірі және жасанды қорекпен қоректендіру тәжірибелері басталды. Генетикалық талдау жүргізу үшін оңғақ қара балықтарынан сынамалар алынды.