Ғылыми – зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін ҚР АШМ Балық шаруашылығы Комитеті аулауға берген рұқсат негізінде, 2024-2026 жылғы «Қазақстанның әртүрлі аймақтарының табиғи-климаттық жағдайларында экономикалық тиімді инновациялық технологиялар мен жаңа аквакультура нысандарын әзірлеу және енгізу» (ИРН:BR23591065) ғылыми – техникалық бағдарламасы аясында Ертіс өзенінен жабайы сүйріктің үлгілері ауланды. «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Алтай филиалының ғылыми қызметкерлері ертіс популяциясына жататын сүйрік балығын «OST Fish» тауарлық бекіре тұқымдас балық өсіру зауытына тасымалдап, жоспар бойынша ТЖҚ (тұйық жүйелі сумен қамтамасыз етілген қондырғылар) жағдайында ТАҮ қалыптастыру жұмыстары жүргізіледі.
Қазіргі уақытта ауланған дараларды бейімдеу, электронды шиптер арқылы жеке таңбалау, ТАҮ сақтау шарттары туралы мәліметтер жинау, ауланған сүйрік дараларынан морфологиялық көрсеткіштерді жинау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ генетикалық бағалау және генетикалық паспорттарды әзірлеу үшін биологиялық материалдарға таңдау жүргізілді.