Көлсай көлдеріндегі ғылыми-зерттеу жұмыстары

16 сәуірден бастап қазіргі уақытта «БШ ҒӨО» ЖШС-нің мамандарымен (экспедиция отрядының жетекшісі, ихтиология зертханасының меңгеруішісі м.а. Сансызбаев Е.Т., кіші ғылыми қызметкер м.а. Игілік  Р., зертханашы Абишев Н.Б.) «Көлсай Көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің (МҰТП) Ерекше қорғалатын табиғи аумағында (ЕҚТА) орналасқан Ортаңғы және Төменгі Көлсай көлдерінде 021 ББ (БТ 100) «Балқаш-Алакөл бассейніндегі халықаралық, республикалық және ЕҚТА орналасқан балық шаруашылығы су айдындарын сонымен қатар жергілікті маңызы бар су айдындарының балық қорының жағдайын бағалау және балық және басқа да су жануарларының шекті аулау мөлшері бойынша және балық аулау ережесі мен тәртібін реттеу жөнінде биологиялық негіздемелер әзірлеу. Бөлім: Ерекше қорғалатын табиғи аймақта орналасқан (ЕҚТА) Ортаңғы Көлсай көлі және Төмеңгі Көлсай көлі» бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

 

Жұмыстың мақсаты – Көлсай көлдеріндегі бахтах балығының ұдайы өсімін зерттеу. Қазіргі таңда экспедициялық отряд биологиялық талдау жүргізу үшін (ұзындық-салмақтық көрсеткіштері, балықтардың жынысын және жынысқа жетілу кезеңін, жасы мен тұқымдылығын анықтау) ихтиологиялық материалдарды жинау үстінде. 

    

Анықтама: Ортаңғы және Төменгі Көлсай көлдері Алматы облысында орналасқан. Көлсай көлдеріне кешенді ғылыми зерттеу жұмыстары Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығымен 2017 жылдан бастап жүргізіп келеді. Әдеби деректер бойынша Төменгі Көлсай көлінің бастапқы ихтиофаунасы балықтардың аборигендік түрлерінен – қабыршақсыз көкбас (Gymnodyptichus dybowskii, Kessler, 1874) және тибет талма балығынан (Triplophysa stolickai, Steindachner, 1866) құралған. Ал Ортаңғы Көлсай көлінде балық болмаған. 1965-1969 жылдары Төменгі Көлсайға 3 және 5 мың дана, ал 1969 жылы Орта Көлсайға 5 мың дана құбылмалы бахтахтың шабақтары жіберілген. Жіберілген балықтар тез, әрі жақсы бейімделіп, ұдайы өсімін молайтатын популяция құрды және қабыршақсыз көкбас пен тибет тибет талма балығын толығымен ығыстырып жіберген, қазіргі кезде абориген түрлер аулауда өте сирек кездеседі, олар Шелек тәрізді өзендерде тіршілік етеді.