Аквашаруашылық субъектілеріне арналған азыққа 30% субсидиялау
        Мемлекеттік қолдау шеңберінде аквашаруашылық субъектілеріне аквашаруашылық объектілерін өсіру кезінде пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалған шығындардың 30 % мөлшерінде субсидиялар алу мүмкіндігі қарастырылған.
       Өтінім берілгенге дейін өтініш беруші қажетті инфрақұрылымның бар екенін және субсидиялау шарттарына сәйкестігін растайтын мамандар тобының оң қорытындысын алуға міндетті. Мамандар тобы жергілікті атқарушы органдармен қалыптастырылады, осыған байланысты оларды шақыру үшін өтініш беруші тиісті жергілікті атқарушы органға жүгінуі қажет. Субсидия алу үшін шаруашылықтар «электрондық үкімет» веб-порталы немесе АӨК СМАЖ (ГИСС АПК) арқылы белгіленген нысан бойынша өтінім ұсынуы тиіс.
      Азықты сатып алу фактісі АӨК СМАЖ бен электрондық шот-фактураларды қабылдау және өңдеу жөніндегі ақпараттық жүйе (ЭСФ АЖ) арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы, тиісті электрондық шот-фактуралар болған жағдайда расталады.
      Негізгі талаптардың бірі – аквашаруашылық өнімінің алдыңғы және (немесе) ағымдағы жылдағы өндіріс көлемін АӨК СМАЖ және ЭСФ АЖ деректері негізінде растау болып табылады. Бұл азыққа субсидияларды өнім өткізілгенге дейін алу мүмкіндігін болдырмайды және сатып алынған азықтың өндірістік үдерісте мақсатты әрі тиімді пайдаланылғанын дәлелдейді.
      Сондай-ақ «e-Agriculture» ақпараттық жүйесі арқылы ветеринариялық құжаттарды міндетті түрде растау көзделген: отандық өндірушілерден азық сатып алынған жағдайда – ветеринариялық анықтама, ал импортталған азық бойынша – ветеринариялық сертификат. Бекіре тұқымдас балық түрлерін және олардың будандарын өсірумен айналысатын шаруашылықтар үшін CITES Конвенциясының I және II қосымшаларына енгізілген түрлерді жасанды өсіру жөніндегі мәліметтерді «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасының деректері негізінде растау талап етіледі.
      Аталған шараларды іске асыру аквашаруашылық саласының тұрақты дамуына, өнім сапасын арттыруға және мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерінің ашықтығын цифрландыру арқылы қамтамасыз етуге бағытталған. Субсидияларды беру шарттары мен тәртібі, сондай-ақ қызмет алушыларға қойылатын талаптар туралы толығырақ ҚР АШМ 2025 жылғы 1 қарашадағы № 412 «Аквашаруашылық өнімінің өнімділігін және сапасын арттыруды, сондай-ақ асыл тұқымды балық өсіруді субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығынан ресми құқықтық ресурстарда ашық қолжетімді түрде танысуға болады.