Арал өңірінде балық шаруашылығының 100 жылдығы аталып өтті
     2025 жылғы 10 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданында Қазақстандағы балық өндірісінің негізін қалаған Арал мемлекеттік балық тресінің құрылғанына 100 жыл толуына орай ауқымды мерейтойлық іс-шара өтті.
     Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы С. Сермағамбетов, Арал ауданының әкімі А. Оңгарбаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, сала ардагерлері мен мамандары, Халықаралық Аралды құтқару қорының өкілдері мен облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттары, Астана, Алматы, Қызылорда қалаларынан, Ырғыз, Қазалы аудандарынан арнайы келген мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері мен балық шаруашылығы саласының мамандары қатысты.
     Мерекелік жиынға «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС бас директорының орынбасары, PhD Баракбаев Т.Т. арнайы қатысып, ғылыми орталықтың өңірлік балық шаруашылығын дамытуға қосып жатқан үлесі туралы баяндама жасады.
    Баяндамада «Өңіріміздегі тауарлы балық өсірудің қазіргі жағдайы және тауарлы балық өсірілетін су айдындарының жай-күйі» тақырыбы қамтылып, саланың ғылыми негізделген дамуы, су ресурстарының тиімді пайдаланылуы, сирек кездесетін балық түрлерін қолдан өсіру технологияларын енгізу мәселелері кеңінен қозғалды.
    Сонымен қатар, Арал қаласындағы Балықшылар аллеясында ағаш отырғызу рәсімі өткізіліп, өңір экологиясын жақсарту мен балықшылар қауымына құрмет көрсетуге бағытталған игі шара ұйымдастырылды.
     Қонақтар Арал ауданындағы бірқатар балық өңдеу кәсіпорындарының жұмысымен танысып, соның ішінде жылдық қуаттылығы 7 000 тонна болатын «Арал СДО» зауытының өндірістік процесін көріп, экспортқа бағытталған дайын өнім сапасына назар аударды.