2 шілде күні BR21882122 ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында, «Жасыл даму контекстінде Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерінің тұрақты дамуы: кешенді талдау, тұжырымдама, болжамдық бағалау және сценарийлер» кешенді жобаның «Балық ресурстары» блогы бойынша, жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыс шеңберінде БҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында кездесу өтті. Кездесуге басқарма басшысының орынбасары Закарин Дархан Әмірханұлы, БҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының су ресурстары және қаржылық қамтамасыз ету бөлімінің бас мамандары Толемис Есбол Айбарұлы, Есқалиева Фариза Жұмабайқызы, Айтқалиев Аманғали Ерболұлы, сондай-ақ «БШҒӨО» ЖШС атынан Асылбекова С.Ж. – б.ғ.д., бас директордың орынбасары, «балық ресурстары» блогының жетекшісі және Туменов А.Н. – PhD докторы, Батыс Қазақстан филиалының директоры қатысты.
Кездесу барысында Батыс Қазақстан облысының тұрақты даму жолдарын ағымдағы (базалық) және баламалы даму нұсқалары бойынша су айдындарының табиғи капиталы мен экожүйелік қызметтерінің құнын бағалау, балық шаруашылығы саласында жоспарланып отырған іс-шараларды жүзеге асырудың шығындары мен пайдасын құндық бағалау, сонымен қатар климаттың өзгеруі мен шаруашылық қызмет жағдайында биоресурстарды пайдалану мен қайта өндіруді оңтайландыру мәселелері талқыланды.
Су айдындарын мониторингтік зерттеу жалғасуда, Жайық өзенінде бақылау желілері орнатылуда, Батыс Қазақстан облысының ақпараттық-бағалау карталарын жасау мақсатында гидрология, гидрохимия, токсикология және балықтардың қоректік базасы бойынша сынамалар алынуда.

