2024 жылдың 26-27 тамыз аралығында Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау, тиімді пайдалану және олардың бірлескен қорларын басқару жөніндегі Үкіметаралық комиссия құрған Ғылым және аквакультура жөніндегі жұмыс тобының 8-ші отырысы өтуде.
Отырыс Ресей Федерациясы төралығымен, бейнеконференция арқылы өтуде.
Отырысқа Әзірбайжан Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы және Түркіменстан, сондай-ақ Қазақстан Республикасы тарапынан өкілдер қатысуда.
«Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС тарапынан бас директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰАҒА академигі Исбеков Қ.Б., бас директордың орынбасары, биология ғылымдарының докторы, профессор ҚР ҰАҒА академигі Асылбекова С.Ж. және бас ғылыми хатшы, PhD Мухрамов А.А. қатысты.
Күн тәртібінде:
- 2023 жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысы туралы.
- 2023 жылы су биологиялық ресурстарын жасанды көбейту жөніндегі іс-шаралардың қорытындылары туралы.
- Каспий комиссиясының 7-ші отырысы күн тәртібінің 4-тармағын орындау мақсатында Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын және олардың мекендеу ортасын зерттеудің Кешенді бағдарламасының жобасын әзірлеу.
- Тараптардың Каспий теңізінде балық аулау тәсілдерін талдау және Каспий майшабағына қатысты балық аулау ережелерін талдау туралы.
- Каспий комиссиясының 7-отырысы күн тәртібіндегі 8-тармақты орындау мақсатында, бірлесіп, бекіре тұқымдас балық түрлерінің шабақтарын жіберуді ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстарды тыңдау.
- Бекіре тұқымдас балық түрлерін генотиптеу әдістерін үйлестіру мақсатында, бірлескен генетикалық зерттеулерге қатысатын, Тараптардың бекіре тұқымдас балық түрлерінің генетикалық үлгілерімен алмасу тәртібі туралы.
- Бекіре тұқымдас балық түрлерін жасанды көбейту үшін репродуктивті материал алмасу механизмін құру туралы.
- Репродуктивті мақсатта алынатын бекіре тұқымдас балық түрлерінің оңтайлы санын анықтау тәсілдері туралы.
- Каспий комиссиясының тұрақты хатшылығын құрудың орындылығы туралы.
- Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтарды кәсіптік аулауға тыйым салуды белгілеу мерзіміне ұсынымдар туралы.
- Каспий теңізі деңгейінің өзгеруі және оның су биологиялық ресурстарына, олардың тіршілік ету ортасына және балық шаруашылығына әсері туралы.