Чех Республикасында «Ішкі балық шаруашылығын басқару және су биоалуантүрлілігін сақтау» тақырыбында семинар өтуде

09-13 қазан аралығында «Оңтүстік Чехиялық гидроценоздардың биоалуантүрлілігі және аквакультурасы ғылыми-зерттеу орталығы» (Чехия Республикасы, Водняны қ.) CENAKVA университетінде «Inland Fisheries Management and Aquatic Biodiversity Conservation» (ішкі балық шаруашылығын басқару және су биоалуантүрлілігін  сақтау) тақырыбында семинар өтуде.

Семинарға «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС аквакультура зертханасының ғылыми қызметкері, докторант Бараков Р. Т. қатысуда.

Семинарда келесі мәселелер қаралатын болады:

1) биотикалық, абиотикалық және антропогендік факторлардың әсерінен экожүйелерді қайта құру контекстінде ішкі су айдындарында биологиялық әртүрлілікті сақтау;

2) ашық су айдындарында балық аулауды басқару және балық қорларын басқару кезінде азық-түлік тізбегін реттеу;

3) ашық су айдындарында балық өсіру және тұйық жүйелі қондырғыларда балық өсірудің ұтымды тәсілдері;

4) балық аулауды және миграциясын бағалау әдістері;

5) балықтарға жем ретінде қолданылатын тірі ағзаларды өсіру және балықтың иммунитетіне әсер ететін балық ұнын балама заттармен алмастыру салдары;

6) балық сперматозоидтарын криоконсервациялау әдістері және in situ генетикалық әртүрлілігін сақтау.

Сондай-ақ, семинар барысында балық өсіру шаруашылықтарына бару жоспарлануда.