«Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-і мен «Zaisan See» ЖШС-гі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

 Аталған құжат аквашаруашылық саласындағы бірлескен жобаларды дамытуға, сондай-ақ Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы тарапынан міндетті ғылыми сүйемелдеумен бағалы балық түрлерін жасанды жолмен көбейтудің заманауи технологияларын енгізуге бағытталған.

Ынтымақтастық аясында еуропалық инвесторлардың қатысуымен жылына 6,0 миллион данаға дейін жобалық қуаты бар бағалы балық түрлерінің (көксерке, алабұға және шортан) шабақтарын өсіруге арналған шабақ шаруашылығын салу бойынша инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы жобаны ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз етеді, оның ішінде қытай және еуропа елдерінде қолданылатын көксерке, алабұға және шортанды көбейту мен өсіру технологияларын Қазақстан Республикасының табиғи-климаттық жағдайларына бейімдеу және енгізу көзделген. Жобаны іске асыру Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы аумағында жоспарланып отыр. Инвестициялардың жалпы көлемі 10,0 миллион еуроны құрайды. «Zaisan See» ЖШС — еуропалық серіктестердің қатысуымен жаңадан құрылған және аквашаруашылық саласында озық технологияларды енгізуге бағытталған компания болып табылады. Меморандумға қол қойылуы Қазақстан Республикасында аквашаруашылықты дамытудағы маңызды қадам болып, жаңа жұмыс орындарын құруға және бағалы балық түрлерін жасанды жолмен көбейту көлемін арттыруға мүмкіндік береді.