Қазақстан мен Қытай: Усидегі кездесуде аквакультура және ғылым перспективалары
2025 жылғы 28–29 қазан аралығында «Балық шаруашылығы ғылыми- өндірістік орталығы» ЖШС делегациясының Қытай Ғылым академиясының Уси қаласындағы Тұщы су балық шаруашылығын зерттеу орталығына жұмыс сапары өтті. Кездесу барысында Қытай орталығының өкілдерімен өткен келіссөздерде бас директор Суюбаев А.С., ғылым бөлімі басшысының орынбасары, б.ғ.д., профессор Асылбекова С.Ж. және аға ғылыми қызметкер, PhD Бараков Р.Т. Қазақстан Республикасындағы балық шаруашылығының дамуы мен балық шаруашылығы ғылымының рөлі туралы баяндама жасап, сөз сөйледі. Қытай тарапынан кездесуге келесі мамандар қатысты: бас директор Bing Xuwen, аквакультура жөніндегі директор Wen Haibo, ғылыми зерттеулер жөніндегі директор Qiang-Jun, аквакультура және қоршаған орта менеджменті бойынша қауымдастырылған профессор Fan Limin, аквакультура профессоры Min Kuanhong, халықаралық ынтымақтастық және білім беру жөніндегі директор Jing Xiaojun, халықаралық ынтымақтастық және білім беру жөніндегі директордың көмекшісі Ye Wei, сондай-ақ бағдарламалық қызметкер Wang Yun.
 
Кездесу барысында Қытай орталығы мамандарының баяндамалары тыңдалып, аквакультураны дамыту саласындағы көпжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен ғылым мен бизнесті интеграциялау мәселелері талқыланды. Бұл саладағы басым және инновациялық бағыттар қарастырылды:
  • Тұщы су балық шаруашылығын зерттеу орталығы туралы кіріспе баяндама (проф. Bing Xuwen),
  • Жасыл аквакультураны дамыту (проф. Wen Haibo),
  • Технологияларды дамытудың жаңа бағыттары (проф. Qiang-Jun)
  • Су сапасын бақылау және аквапониканы дамыту туралы тақырыптар тыңдалды.
 
Сонымен қатар Қытай орталығының қызметкерлері делегация үшін биотехнология және генетика зертханасы бойынша таныстыру экскурсиясын өткізді. Кездесу өзара түсіністік пен ынтымақтастық рухында өтті, екі тарап та экономика және ғылым салаларында мемлекетаралық басымдықтарды айқындауға толық дайын екендіктерін білдірді. Аквакультура және балық шаруашылығының өзге де бағыттары бойынша оқыту, тренингтік бағдарламалар мен тағылымдамалар өткізу мүмкіндіктері талқыланды.Келіссөздер барысында екі зерттеу орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум жобасы қаралды.
 
Аталған құжат ғылыми өзара іс-қимылды және бизнес интеграциясын одан әрі нығайтудың негізі болмақ.