«Қапшағай УӨШ-1973» базасында аквакультура және генетика зерттеулерінің екінші жылдың қорытындылары
Ғылыми-техникалық бағдарлама аясында «Қазақстанның әртүрлі өңірлерінің табиғи-климаттық жағдайларында экономикалық жағынан тиімді инновациялық технологиялар мен жаңа акваөсіру нысандарын әзірлеу және енгізу» тақырыбы бойынша «Қапшағай УӨШ-1973» ЖШС базалық балық шаруашылығында «Қазақстан балық шаруашылықтарында келешегі бар акваөсіру нысандарын өсірудің тиімді биотехникалық әдістерін сынақтан өткізу және енгізу, ДНҚ-маркерлерін қолдану арқылы олардың генетикалық сәйкестендірілуі» жобасы бойынша зерттеудің екінші жылы аяқталуға жақын.
 
Ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесінде табиғи популяциядан (Кырыккурдык көлі) ауланған оңғақ балығының жасанды ортаға бейімделуі – доместикациясы жүргізілді. Оңғақ балығы мен Розенберг тұщы су асшаянын өнеркәсіптік жағдайда өсірудің биотехникалық әдістері әзірленді, сондай-ақ оңғақ балығына ДНҚ-маркерлерін қолдану арқылы генетикалық сәйкестендіру жүргізілді. Жұмыстар аяқталған соң, зерттеу нысандары – оңғақ балығы мен Розенберг тұщы су асшаяны қысқы кезеңге «Қапшағай УӨШ-1973» ЖШС-нен «БШ ҒӨО» ЖШС-нің Балқаш филиалына жеткізілді.
 
16-18 қазан аралығында «БШ ҒӨО» ЖШС Балқаш филиалының балық өсіру учаскесінде ТЖҚ-да (тұйық жүйелі қондырғыда) бақылау аулау жұмыстары жүргізіліп, қысқы кезеңге ауыстырылған оңғақ балығы мен Розенберг тұщы су асшаянына бонитировка жасалуда. Жұмыстарға бағдарлама жетекшісі, ғылым жөніндегі бөлім басшысының орынбасары, б.ғ.д., профессор Асылбекова С.Ж., кешенді балық шаруашылығы зертханасының м.а. меңгерушісі Алтаева Ф.А., экспедициялық отряд жетекшісі Тағаев Д.О., Сатбек А.Т., аға лаборант Сейтпатқалов Ж.С. қатысуда.